Мазмұны:
Ескі билеттер
Радиоэлектроника
Дәретхана қағазының төлкелері
Иіссу мен косметика үлгілері
Тиын ақшалар
Тазартқыш құралдарының бос қауашақтары
Ескі киім-кешек
Сымдар
Ойыншықтар
Ескі техника құралдарының нұсқаулықтары
Балалар тағамының құтылары
Жұмыртқа салынатын картон қаптамалар
Сыйлық сертификаттары
Тіс жөкесі
Ескі балауыз шамдары
Әркімнің ескі заттарға деген көзқарасы әртүрлі. Кейбіреулер тұрғынжайын ластамау және шаң жинамау үшін олардан құтылу керек деп есептейді. Басқалары, керісінше, жинағанды ұнатады және ештеңені тастамайды. Оған қоса, егер олар пайдалы болады деп тапса, кейбір заттарды үйіне әкелуі де мүмкін. Біз қарсы тараптарды татуластырмаймыз. Бірақ кейбір заттардың құндылығы бар екенін, ал кейбіреулері үй шаруашылығында пайдалы екенін еске саламыз. Мұндай тізімді шексіз жалғастыруға болады. Біз тек өзіміздің және басқа адамдардың тәжірибесімен бөлісеміз, сонымен қатар қиялды оятуға тырысамыз.
Ескі билеттер
Әдетте біз билеттерге аз көңіл бөлеміз. Іс-шараға барамыз да, лақтырып жібереміз. Бірақ коллекционерлер маңызды іс-шаралардың билеттерін жинауы мүмкін. Мысалы, шешуші футбол матчына билетті біраз уақыттан кейін қайта сатуға болады.
Радиоэлектроника
Ескі телефонды бірнеше минут уақыт пен аздаған мың теңге жұмсай отырып, жаңасына ауыстыруға болатын әлемде техника жылдар бойы сақтауға тұрарлық құндылық ретінде қабылданбайды. Бірақ ойланыңыз. Ескі сынған телефон, теледидар және басқа да кішігірім техника – бұл қызмет көрсету шеберханалары іздеп, ескі жұмыс істемейтін гаджеттерді сатып алуды ұсынатын қосалқы бөлшектер. Егер үлкен техника, мысалы, тоңазытқыш туралы айтатын болсақ, онда оны тек қосалқы бөлшектерге ғана емес, сонымен қатар металл қалдығы ретінде өткізуге де болады, ол үшін сізге көбірек ақша да береді. Кеңестік үлгідегі ескі техниканы тіпті коллекционерлерге сатуға болады.
Дәретхана қағазының төлкелері
Иә, кейбіреулер қоқысқа тастайтын заттарды басқалар сатып алады. Төлкелерден балалар қолөнері немесе ыңғайлы тұрмыстық құралдар жасалады. Мысалы, үстел тартпасына салынатын органайзер. Осылайша кеңсе тауарларын реттілікпен сақтауға болады. Әрине, төлкелерді сатып, көп қаражат таба алмайсыз, бірақ ақша ешқашан артық болмайды.
Иіссу мен косметика үлгілері
Кейбіреулер люкс санатты косметика тестерлерін тегін алады, ал кейбіреулер оларды қайдан алуға болатынын білмейді. Бұлар тегін хабарландырулар тақтасы арқылы бір-бірін оңай таба болады. Бұл екі тарап үшін де жағымды болады: біреуі косметиканы арзан бағамен, ал екіншісі ақша алады.
Тиын ақшалар
Ақшаны тастаудың мүлде қажеті жоқ. Қалтаңызға немесе әмияныңызға сыймай шашылып жүрген майда тиын ақшаларды ыдысқа салып жинап, анда-санда банкке апарып айырбастаңыз. Мұны жасаудан ешкім бас тартпайды, өйткені ақшаны қабылдау және айырбастау банктің тікелей қызметі болып табылады. Қалтасындағы майда тиын ақшаны үнемі айырбастай отырып, қанша ақша жинауға болатындығына көбі таңғалуы мүмкін.
Оның үстіне тиын ақшалардың арасында кейде сирек кездесетіндері де болады, олардың бағасы өз құнынан қымбатырақ болуы мүмкін.
Шетелге сапарға барып келсеңіз, валютаның қалғанын тастамаңыз. Валюта курсының өзгергіштігі салдарынан тіпті 1 долларлық тиын ақшаның құны өседі.
Тазартқыш құралдарының бос қауашақтары
Қауашақтар қала сыртындағы үйде өсімдіктерді суару үшін немесе қолжуғыш ретінде пайдаға асады. Сіз тіпті көршілеріңізге арзан бағамен сата аласыз.
Ескі киім-кешек
Киімді тастау экологияны сақтауға зиян, сондықтан шкафты тазартудың бірнеше жолы бар:
- әлі киюге жарамдысын сатуға болады;
- ескі киімдерді табиғатқа серуенге шыққанда немесе бақшада киюге болады;
- ескі жейделер мен басқа да тоқыма бұйымдары шаңды жақсы сүртіп тазартады;
- маталарды қайта өңдеуге өткізуге болады.
Сымдар
Ескі кабельдерді сатуға немесе ұсақ жөндеу кезінде қолдануға болады.
Ойыншықтар
Поп-мәдениет — кірпияз құбылыс. Ненің қашан мәңгілікке жоқ болып кететінін, ал ненің сәнді болып қала беретінін ешқашан болжап білмейсің. Сондықтан, әлеуетті құндылыққа ие бола алатын ойыншықтарды сақтаған жөн. Әсіресе, сіз қуыршақтардың, көліктердің немесе кейіпкерлердің тұтас топтамасын жинаған болсаңыз. Мысалы, қазір «Жұлдызды соғыстың» кейіпкер ойыншықтары бірнеше мың тұрады.
Ескі техника құралдарының нұсқаулықтары
Қазір біз нұсқаулықтарды интернеттен тауып алуға дағдыланғанбыз. Мұның қисыны бар, білім көзі үнемі қолжетімділікте болса, кітапшалардың қоймасын жинаудың қажеті қанша, өйткені олар орын алады.
Алайда, интернетте жиі тек жаңа техниканың нұсқаулығы ғана кездеседі, ал ескі техникаға нұсқаулық таппайсыз. Бұл жағдайда сақтаған орынды.
Балалар тағамының құтылары
Бұл өте функционалды нәрсе. Құтыларда дәмдеуіштерді немесе тұздықтарды сақтай аласыз. Егер құтыларды безендірсеңіз, тәп-тәуір шамсалғыш, ваза немесе сәндік бұйым аласыз.
Егер құтылар қажетіңізге аспаса, оларды басқа біреуге ұсынуға болады. Көбінесе, үйлену тойларын немесе басқа да мерекелерді безендіруде дизайнерлер ұзақ уақыт бойы кішкентай құтылар іздейді.
Жұмыртқа салынатын картон қаптамалар
Бір қарағанда, кәдімгі қоқыс. Алайда, интернетте оларды да сатып алатындар бар. Жұмыртқа салынатын қаптамалар дыбысты оқшаулауға, қолөнер бұйымдарын жасауға және фермерлік жұмыртқаларды салуға қолданылады.
Сыйлық сертификаттары
Әріптестер, достар, таныстар немесе басқа біреулер не сыйларын білмеген кезде, сыйлық сертификаттарын сатып алады. Егер ол қажет болмаса, оны әрқашан сатып, құнын қайтарып алуға болады.
Тіс жөкесі
Ескі тіс жөкесін сатуға болмас, бірақ олар – тұрмыста таптырмайтын құрал. Жөкемен қол жетпейтін жерлердегі ескірген қақты тазартқан ыңғайлы.
Ескі балауыз шамдары
Балауыз шамдарды тастамау керек, өйткені олардан керемет қолөнер жасауға болады. Егер барлық балауыз қалдықтарын ерітіп, алдын-ала пілтесін салып, содан кейін пішінге құйсаңыз, жаңа балауыз шам аласыз.
Көріп отырғаныңыздай, ескі заттарға жаңадан көптеген қолданыс табуға болады. Біреулері оңай сатылады, енді біреулері күнделікті тұрмыста пайдаға асады. Шамалы қалдықтармен үнемді тұтыну табиғат үшін де пайдалы.
Дереккөздері:
https://zeero.ru/blogs/blog/kak-sdelat-svechu-iz-ogarkov-i-ostavshegosya-voska
https://podelunchik.ru/podelki-iz-yaichnyh-lotkov
https://zhenskie-uvlecheniya.ru/originalnye-podelki-iz-vtulki-ot-tualetnoj-bumagi-idei-i-sovety-dlya-tvorcheskix-natur.html
https://www.thevoicemag.ru/lifestyle/lifehacks/12-staryh-veshchey-kotorye-nelzya-vybrasyvat/