Ақша мәселесі әрқашан адамдарды қызықтырды және алаңдатты, сондықтан уақыт өте келе қаржы тақырыбы ырымдар мен наным-сенімдерге ие болды. Белгілі бір рәсімдер көп ақша табуға, істерде дұрыс шешім қабылдауға және сәтсіздіктерден аулақ болуға көмектеседі деп есептеледі. Халықтық ырымдарда қандай да бір мағына бар ма және өз істерімізде оларға назар аударған жөн бе - бұл туралы осы материалда қарастырамыз.
Пайда әкелуі мүмкін ырымдар
1. Жалақы алғаннан кейін ақшаны бірден жаратуға болмайды
Ырымның мәні: үйге ырыс-береке шақыру үшін «жаңа» ақша міндетті түрде онда түнеп шығуы керек.
Практикалық түсіндірмесі: шотқа ірі соманың түсуі еркіндік пен жұмсауға деген ұмтылыс сезімін сыйлайды. Кейінге қалдырылған сатып алулар бірден еске түседі, бір нәрсеге онлайн тапсырыс беру немесе жақын маңдағы ірі сауда орталығына барып сатып алу ниеті туындайды. Егер бұл серпінге берілсеңіз, бір уақытта ақылға қонымсыз көп ақша жұмсап, жеке бюджетіңізді сарқып алуыңыз мүмкін.
Жалақыңызға үйде «түнеп шығуға» мүмкіндік беріп, біз «салқындату» кезеңіне кіреміз. Бұл уақыт әдетте міндетті шығындарды (коммуналдық, үй жалдау ақысы және басқа ай сайынғы шығындар) еске түсіріп, қажетсіз сатып алулардан бас тарту үшін жеткілікті.
2. Ақшаға қамқорлықпен және құрметпен қарау керек
Ырымның мәні: ақша мыжылған күйінде және ретсіздікте сақталса, ол өкпелеп, көбеймей қояды.
Практикалық түсіндірмесі: егер қағаз ақша киім-кешек пен сөмке қалтасына салынып, қалай болса солай сақталса, олар жиі жыртылып, жоғалып кетеді, бұл қаржылық шығындар. Оның үстіне, өз шығындарыңызды қадағалау және қолыңыздағы қаражаттың қалдығын бақылау қиынырақ.
3. Жаңа жыл түні ең алдымен ақшаңызды санап алу қажет
Ырымның мәні: қаражатты санап шыққан кезде, сіз алдағы жылға сәттілік пен береке шақырасыз.
Практикалық түсіндірмесі: демалыс кезеңінде тұтынушы «тізгінін» жібермеу және шығындарды мұқият бақылау маңызды. Қанша ақша қалғанын біле отырып, одан әрі шығындарды жоспарлау және жалақыға дейін қарызсыз өмір сүру оңайырақ. Сондай-ақ үлкен шығындарды ұзақ мерзімді болжау пайдалы. Мысалы, осы қыста немесе көктемде қандай қымбат сатып алулар жасауға тура келетінін алдын ала ойластыруға болады.
4. Әмиян бос қалғанды ұнатпайды
Ырымның мәні: егер бар ақша түгел жұмсалса, жаңа қаржы ағындарына «тосқауыл» қоя отырып, әмияныңыз бос қалуы мүмкін.
Практикалық түсіндірмесі: егер сіз барлық қолжетімді қағаз ақшаны соңғы тиынына дейін жұмсауға дағдыланған болсаңыз, бұл шығындарды бақылай алмайтындығыңызды көрсетуі мүмкін. Бұл тәсілмен жалақы көтерілсе де ақша жетпейтін болады. Қор жинай отырып, қалтаңызда бір тиын қалмайтын жағдайға жол бермеу маңызды.
5. Кешкі мезгілде ақшаны қарызға беруге және алуға болмайды
Ырымның мәні: «түнгі» қаржылық операциялар сәтсіздікке душар етеді және ақшаның болмауын шақырады.
Практикалық түсіндірмесі: Көбінесе кешке қарай адамдар оқыс шешім қабылдайды: олар импульсивті сатып алу үшін несие рәсімдейді, өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін бағаламай, сенімсіз қарыз алушыларға қарызға ақша береді. Соның салдарынан сол сәтте де, болашақта да қажетсіз шығындардан зардап шегеді.
6. Ақша тыныштықты жақсы көреді
Ырымның мәні: егер барлық адамдарға сізде көп ақша бар екендігі жайлы айта берсеңіз, кедейлік мұны естіп, сізге келеді.
Практикалық түсіндірмесі: шын мәнінде лотереядағы ұтысыңызбен, үлкен жалақыңызбен немесе сыйлықақыңызбен, ірі көлемдегі мұраңызбен мақтанудың қажеті жоқ. Әсіресе, алаяқтар немесе ұрылар ести алатын қоғамдық орындарда мұндай әңгімелерді жүргізбеңіз. Өзіңіздің қаржылық жетістіктеріңіз туралы айта отырып, сіз өзіңіздің жеке деректеріңіздің, шоттардағы қаражаттың немесе үйіңізден құндылықтардың ұрлану қаупін арттырасыз.
7. Үйдегі екі сыпырғыш ақшаны қуады
Ырымның мәні: үйде бір ғана сыпырғыш немесе сіпсе болуы қажет. Егер олардың саны көбірек болса, онда олар үйден ақшаны «сыпырып тастайды».
Практикалық түсіндірмесі: бір мақсатта қолданылатын бірнеше затты сатып алу арқылы сіз ақшаны босқа жұмсайсыз. Өз шығындарыңызды мұқият жоспарлаған жөн.
8. Үйдегі құбыр шүмектерінің ағып тұруы ақшаның болмауына алып келеді
Ырымның мәні: егер құбырлар немесе сантехника бұзылып тұрса, онда су үйден ақша мен қаржылық табысты шайып кетеді.
Практикалық түсіндірмесі: ақаулы құбырлар немесе унитаз суды тұтынуды арттырады, ал коммуналдық төлемдер өседі. Сонымен қатар, ағып жатқан сантехника тезірек бұзылады, оны жиі ауыстырып, көп ақша жұмсауға тура келеді.
Ырымдарға сенуге бола ма?
Халық ырымдары пайдалы қаржылық әдеттерді қалыптастырады: мысалы, ақшаны үнемдеу және оқыс сатып алулар жасамау. Бірақ қаржылық шығыннан қорқу сіздің шешімдеріңізге және жұмысқа деген көзқарасыңызға әсер етпеуі керек. Мысалы, егер «сиқырлы тұмарлар» немесе рәсімдер сізге сенімділік сезімін сыйласа, сізді табысты еңбекке бағыттаса, онда бұл жақсы, өйткені дұрыс көзқарас қиын тапсырмаларды жеңуге көмектеседі. Бірақ бұл сезім сізді алдауы мүмкін: табысқа кепілдік берілгеніне сеніп адамдар босаңсып, көбірек қателеседі.
Кез келген ырымды парасаттылық призмасынан өткізе отырып талдау маңызды. Үйдегі қызыл әмиян немесе тірі өрмекші сізге көбірек ақша тартуға қалай көмектеседі? Бұл сұрақтарда байланыс жоқ. Ал егер ақша қозғалысты жақсы көреді және оны мүлдем жұмсамаса, «қурай бастайды» деген сенімді еске түсірсек, онда белгілі бір мағына табуға болады: өз ісіңізді бастап, бай болу үшін алдымен қаражатты инвестициялау керек. Оның үстіне, үйде жай ғана сақталған ақша бірте-бірте құнсызданады, бірақ егер ол ақылмен инвестицияланса, пассивті кірістің тұрақты ағынын құруға болады.
Өз күшіңізге, біліміңізге және дағдыларыңызға сүйеніңіз, сонда сізге ешқандай ырымдар мен рәсімдер қажет болмайды.
Дереккөз:
https://pavlodarnews.kz/novosti/sueveriya-dlya-privlecheniya-deneg-kotorye-mogut-srabotat/
https://www.nur.kz/esoterics/signs/1858363-primety-na-udacu-i-vezenie/
https://vk.com/wall-152068234_3552