2023 жылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті ақшаға айналдыру есебінен халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау күшейтілетін болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларымен, сондай-ақ аймақтық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшыларымен өткен кеңесте айтты.
Министр былай деп мәлімдеді: «2023 жылы АӘК беруге 73,9 млрд теңге бөлу жоспарлануда, оның 59 млрд теңгесі республикалық бюджеттен тікелей отбасының әрбір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге және тағы 9,5 млрд теңге МӘК орнына ақшалай төлемдерге қарастырылған. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты қажетті тауарларды өз бетінше таңдауына мүмкіндік береді».
Атаулы көмек тағайындалатын тұлғалардың шеңбері отбасының цифрлық картасымен анықталады. Төлемдерді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ жүзеге асырады. Сондықтан төлемдер ашық және мақсатты болады.
Тамара Дүйсенова: «Біз әлеуметтік көмекті тікелей мұқтаждарға береміз, балаларға қолдауды күшейтеміз. Әкімдіктер, өз кезегінде, еңбекке қабілетті АӘК алушылардың нәтижелі жұмысқа тартылуын қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын ресімдеуді және жұмыс істейтін АӘК алушылардың міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын бақылауды, сондай-ақ 80% республикалық және 20% жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыру үлесінің сақталуын ескере отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ету қажет».