Мазмұны
Қарыздарды беру
Сыйлықтар сатып алу
Шығындарды мұқият жоспарлаңыз
Қайырымдылық жасаңыз
Жеңілдік купондарын пайдаланыңыз
Теңгелік салымдар бойынша өтемақыға өтінім беру
Сыйлықақы алу үшін банктік салымды толықтырыңыз
Жаңа жыл да жақындап қалды. Демек, мерекеге дайындалатын уақыты келді. Сізге: сыйлықтар мен дастарханға тәттілер сатып алу, өзіңізді ретке келтіру, жалпы тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоқыстардан құтылу, мүмкіндігінше барлық басталған істерді аяқтау сияқты біраз жұмыстар атқарып үлгеру керек. Мереке алдындағы дүрбелеңде ештеңені назардан тыс қалдырмау маңызды. Дәл қазір не істеу керек, оны ұзақ соза бермей, осы мақалада айтпақ ойымыз бар.
Қарыздарды беру
Жаңа жыл келгенге дейін қарыздарды барынша жабуға үлгеру қажет. Бұл Сіздің туыстарыңыз бен жақындарыңыздан қарызға алған ақшаңызға ғана емес, сонымен қатар кредиттерге, салықтар мен коммуналдық төлемдерге де қатысты. Әзір уақытыңыз болып тұрғанда, Сіз әлі не төлемегеніңізді және мүмкіндігінше барлық қарыздарды келесі жылға қалдырмай, жабуды қарастырғаныңыз жөн. Бұл мерекені таза ар-ұжданмен қарсы алып қана қоймай, қаражатыңызды үнемдеуге де мол мүмкіндік береді. Өйткені, төлемдер кешіктірілген кезде, көп жағдайда өсімпұлдар есептеледі. Демек, қарыз едәуір өседі. Содан кейін Сізге бұрынғыдан көбірек төлеуге тура келеді. Сондықтан, кейін ештеңеге өкінбеу үшін, шоттарды, мейлінше, тезірек төлеген дұрыс.
Сыйлықтар сатып алу
Мереке қарсаңында қымбаттап кетпей тұрғанда, Жаңа жылға достарыңыз бен туыстарыңызға арналған сыйлықтарды ертерек сатып алған дұрыс. Жаңа жылдық шопингті мүмкіндігіне қарай ерте – желтоқсанның басында бастаған жөн. Қазір тыныш ортада сауда жасауға мүмкіндік бар. Айдың соңғы аптасында дүкендер өз жолындағының бәрін таласа-тармаса алып жатқан сатып алушыларға толы болады — тартымды бағамен жақсы кәдесый табу өте қиынға соғады. Қазірдің өзінде басталған жаңа жылдық акциялар туралы да ұмытпаңыз. Бұл – жеңілдікпен сыйлықтар сатып алудың тамаша мүмкіндігі.
Шығындарды мұқият жоспарлаңыз
Жаңа жыл – шығыны қымбатқа түсетін мерекелердің бірі. Соңында берекеңіз бұзылмау үшін шығындарыңызды мұқият жоспарлауыңыз керек. Сізге туыстарыңыз бен жақындарыңызға сыйлықтар, шырша мен үй әшекейлері, мерекелік дастарханға арналған өнімдер, сусындар, киімдер мен отшашулар үшін ақша қажет болады. Бұл сома өте жоғары болып шығады. Сонымен қатар, ол отбасылық бюджетке қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан, алдағы сатып алатын заттардың тізімін ертерек жасап, жаңа жылды тойлау құнын бағалап, кенеттен бәріне ақша жетіспейтіні анықталса, не үнемдеуге болатындығын анықтап алған жөн.
Қайырымдылық жасаңыз
Егер Сізде артық ақша болса, қайырымдылық жасауға болады. Мысалы, қайырымдылық қорына немесе қаңғыбас жануарларға арналған баспанаға беру мүмкіндігіңіз бар. Осылайша, Сіз Жаңа жылға дейін ең көп қолдауды қажет ететін жандарға сыйлық жасайсыз.
Жеңілдік купондарын пайдаланыңыз
Егер Сізде мерзімі аяқталуға жақын жеңілдік купондары болса, оларды пайдаланыңыз. Көбінесе адамдар сатып алуды үнемдеудің бұл әдісін ұмытып кетеді және қажетсіз купондарды лақтырып тастайды. Алайда, Жаңа жыл алдындағы елеулі шығындар қарсаңында олар жақсы көмек болады – Сіз барлық қажетті заттарды үлкен жеңілдікпен сатып ала аласыз.
Теңгелік салымдар бойынша өтемақыға өтінім беру
Егер Сізде қазақстандық банктердің бірінде теңгелік салымыңыз болса, ол бойынша шотта сақталатын соманың 10% мөлшерінде өтемақы алуға болады. Мұндай өтемақыға 31 желтоқсаннан кешіктірмей өтініш беру керек.
Депозитті 2022 жылғы 23 ақпаннан кешіктірмей ашқан барлық салымшылардың өтемақы алуға құқығы бар. Бұл ретте, ақша 2023 жылдың наурызына дейін шотта қалуы тиіс.
Өтемақы депозит бойынша ең төменгі қалдыққа есептелетін болады. Ол 2 миллион теңгеден аспайтын сомамен шектеледі.
Мұндай төлемге өтінімді қызмет көрсететін банктің жақын бөлімшесінде беруге болады. Сіз мұны үйден шықпай-ақ, ЕДБ ресми сайтында немесе мобильді қосымша арқылы жасай аласыз.
Сыйлықақы алу үшін банктік салымды толықтырыңыз
Егер Сіздің "Отбасы банкінде" салымыңыз болса, Сіз мемлекеттен сыйлықақы ала аласыз. Оның мөлшері шотта сақталған соманың 20% құрайды. Онда бір ір шарттың сақталуы маңызды — салым жыл ішінде жалпы сомасы 200 АЕК кем болмайтын (2023 жылы бұл 612,6 мың теңге) сомаға үнемі толықтырылып отыруы тиіс. Егер Сіз желтоқсан айының соңына дейін ақша сала алсаңыз, сыйлық келесі жылғы ақпан айының басында есептеледі.
Дереккөздер тізімі
https://exk.kz/news/118060/chto-nuzhno-uspiet-sdielat-do-novogho-ghoda-chiek-list-10-vazhnykh-diel
https://www.championat.com/lifestyle/article-4223479-chto-nuzhno-uspet-sdelat-do-novogo-goda-provozhaem-2020-j-pravilno.html
https://www.zakon.kz/6377737-top10-del-kotorye-obyazatelno-nado-uspet-vypolnit-v-dekabre.html
https://stan.kz/novyy-god-s-novymi-pravilami-chto-nuzhno/
https://dom.kz/journal/poleznye-sovety/Chto-nuzhno-uspet-sdelat-do-konca-goda-v-Otbasy-banke
https://kostanai.1cbit.kz/blog/chto-nado-uspet-sdelat-do-kontsa-goda/
https://exk.kz/news/145357/kak-poluchit-v-podarok-ot-banka-bolieie-120-tysiach-tienghie-v-novom-ghodu-v-kazakhstanie