Қазақстан халқына Жолдауында президент әлеуметтік салаға қатысты көптеген жаңалықтарды айтып өтті. Оның ішінде 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылатын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 жасқа дейін арттырамыз. Ата-аналар ең маңызды нәресте жасында балаларымен ұзағырақ болады» деп атап өтті.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін ұзарту туралы идеяны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас директоры Нұрсұлу Кемел шілде айының соңында айтқан болатын: «Біз Әлеуметтік кодекс аясында төлемдердің ұзақтығын бір жылдан бір жарым жылға дейін арттыруды ұсынамыз. Қазір бұл бастама талқылануда, жақын арада біз өз ұсыныстарымызды қалың жұртшылыққа ұсынамыз».
Ай сайынғы төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы табыстың 40%-ын құрайды. Бірнеше бала туған кезде төлем әрқайсысына тағайындалады.
Сондай–ақ, бала туылғаннан кейін автоматты түрде бір реттік жәрдемақы тағайындалады –бірінші, екінші немесе үшінші бала туғаны үшін 38 АЕК. Төртінші бала үшін төлем бұдан артық мөлшерде – 63 АЕК. Айта кету керек, бала күтімі бойынша жәрдемақы тек жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалады.