Инфляция кірістің бір бөлігін «жейді». Жұмыс істейтін адамдар қосымша жалақымен өнімнің қымбаттауынан болатын шығындарды өтей алады. Зейнеткерлерде мұндай мүмкіндік жоқ. Адамдардың қолайлы өмір сүру деңгейін сақтап қалғысы келетін мемлекет зейнетақыны үнемі арттырып отырады.
2022 жылғы сәуірден бастап зейнетақы 4% өсті және әлеуметтік төлемдер қосымша индекстелетін болады. Қаңтар айынан бастап зейнетақылар 2021 жылмен салыстырғанда 11% өсті.
Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Біздің мемлекет күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындайды. Биылғы бюджеттің шамамен жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бүгін қабылданған түзетулер нәтижесінде сәуірден бастап зейнетақылар артып, әлеуметтік төлемдер қосымша 4% индекстелетін болады» деп мәлімдеді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Бұл шара 4 миллионнан астам адамға жағымды ықпал етеді. Халықтың табысын арттыруға 197 млрд теңге бөлінеді.
Айта кетейік, Қазақстандағы инфляция жылдық қатынаста 12% дейін өсті. Әлеуметтік төлемдердің соңғы өсуі шамамен алғанда, кірістер мен шығыстардың өсуін теңестіреді.