Егер банкомат купюраны қабылдамаса, оны қайта-қайта қайтара берсе, санаға келетін бірінші ой – банкноттың жалған екендігі. Бірақ іс жүзінде себеп мүлдем зиянсыз болуы мүмкін. Банкоматтың банкноттарды қабылдаудан бас тартуының себептері туралы ҚР Ұлттық Банкінің өкілдері айтып берді. Бұл туралы «Қазақпарат» ХАА хабарлады.
Жаңа банкноттардың дизайны мен қорғаныс дәрежелері жаңартылған. Банктер мен бизнес жаңа банкноттарды тану үшін банкоматтарды қайта баптамалауы қажет. Егер баптамалар жасалмаса, онда банкомат купюраны танымайды, сәйкесінше қабылдамайды.
Ұлттық Банк бұл құбылысты былай түсіндірді: «Екінші деңгейлі банктер мен бизнес субъектілері (мысалы, төлем қызметтерінің операторлары) белгілі бір банкнотты қабылдау және беру бойынша автоматты құрылғыларды өз бетінше баптайды. Шығарылған жаңа үлгідегі номиналы 20 000 теңгелік айналым (тұрақты) банкноттың жаңартылған дизайны мен инновациялық қорғаныс элементтері бар».
Біраз уақыттан кейін, барлық баптаулар жасалған кезде, банкноттарды қабылдауда қиындықтар болмайды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қазанда айналымға 20 000 теңгелік жаңартылған дизайн және жиырма бес қорғаныс элементі бар купюра шығарылды.