Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеменің мәнін арттыруды жалғастырды. Бұл жолы +/-1% пайыздық дәлізі бар 16% мәніне орнатылды. Негізгі себеп – қыркүйек айында берілген инфляция болжамы артық жағына қарай қайта қаралды. Бағалар бұрын болжамдалғаннан да жоғары қарқынмен өсуде. Бұл жерде Ресейден ағылған эмиграция толқыны да әсер етпей қоймады.
Ұлттық Банктің негізгі мөлшерлеменің өзгеру себептері туралы хабарламасында былай делінген: «Мөлшерлеменің өсуі инфляциялық қысымның өсуін көрсететін факторлардың жиынтығына байланысты. Қыркүйек айындағы дерек болжамдарынан инфляцияның асып кетуі айтарлықтай елеулі болды. Шешімнің негізгі факторлары жоғары инфляциялық күтулер, тұрақты сұраныс, фискалдық импульс, тұрақты жеткізу тізбегіне қайта бағдарлануға байланысты өндіріс шығындарының өсуі, сыртқы инфляцияның үздіксіз ауысуы, соның ішінде ресейлік рублдің тұрақты бағамы нәтижесінде болды. Инфляциялық күтулердің жоғарылауы баға мен тұтынушылық мінез-құлыққа қысым жасайды. Мұның бәрі 2023 жылы инфляциялық үдерістерді бақылауды сақтау үшін қатаң ақша-несие шарттарын талап етеді».
Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, елдегі бағаның өсуі ұзақ уақытқа жалғасатын болады. Қазір базалық инфляция 19,7% деңгейінде тұр.
Халықтың және кәсіби макроэкономистердің инфляциялық күтулері айтарлықтай, яғни 16,9%-ға дейін өсті. Яғни, халық пен сарапшылар бағаның одан әрі өсуін күтуде. Бұл адамдарды көбірек жұмсауға, одан әрі қымбаттағанша сатып алуға итермелейді, ал сатып алу белсенділігінің өсуі инфляцияны одан әрі арттырады.
Халық тарапынан бағаның болашақ өсуін бағалау негізінен азық-түлік бағасының күтілетін өзгеруіне, сыртқы оқиғаларға және айырбас бағамының өзгеруіне байланысты.
Экономикалық белсенділік динамикасы Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес қалыптасады. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 2,8%-ды құрады.
Іскерлік белсенділіктің баяулауы негізінен тау-кен өнеркәсібіндегі әлсіз динамика есебінен жүреді.
Тұтынушылық сұраныс инфляциялық үдерістердің өсуі аясында оң үрдісті сақтайды. 2022 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша номиналды бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15,7%-ға өсті.