Мемлекет кейбір тауарларға бағаны шектеуді енгізеді. Бұл адамдар үшін өте маңызды, өйткені экономиканың теріс факторларының әсерінен бағаның бақылаусыз өсуі адамдарға нашар әсер етеді. «Бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрық бойынша бензин бағасының өсуін мемлекет тежейді. Бірақ Энергетика министрлігі АИ-95 маркалы бензинді тізімнен шығаратын құжатқа түзетулер дайындады.
ҚР Энергетика министрлігі Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының бастығы Талғат Макуов: «АИ-95 автобензинінің құнын қымбат импорттық қоспалар мен жоғары октанды компоненттерді пайдалана отырып, оны өндіруге жұмсалатын шығындардың жоғары болуына байланысты реттеу болжанбайды»,-деп түсіндірді.
Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында билік АИ-92 және АИ-93 бензинінің бағасын литріне 182-ден 187 теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Қалған облыстарда бағалар өзгеріссіз қалады. Басқа маркалы бензиндердің құны өзгермейді.
Ведомство елдің солтүстігінде бағаның өсуін бөлшек сауда трейдер-компанияларының мұнай өңдеу зауыттарынан қашықтығына байланысты логистика шығындарының жоғары екендігімен түсіндірді.