Ғаламтор кеңістігінде Қазақстанда несиелік рақымшылық жасалады деген ақпарат тарап жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, барлық несиелер есептен шығарылады. Алайда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Несиелік рақымшылыққа қатысты ресми мәлімдемелер болған жоқ.
Агенттік хабарламасында былай делінген: «Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жүргізіліп жатқан «несиелік рақымшылыққа» және несиелердің барлық түрлері бойынша есептен шығаруға қатысты ақпарат кезеңді түрде таратылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды адастыру және оларды салдары өздерінің қаржылық жағдайын қиындата түсетін әрекеттерге итермелеу мақсатында таратылған ақпараттың сенімсіздігін мәлімдейді».
Мұндай ұсыныстарды көргенде, оларға сыни көзқараспен қарап, расында елдегі барлық тұрғындардың несиесі есептен шығарылса, не болатынын ойлау керек.
Банк қабырғаларының ішінде не болып жатқанын көрейік. Несие ұйымдары жеке клиенттер мен бизнестің ақшасын ағымдағы шоттарда және салымдарда сақтайды. Алынған ақша қоймаларда жайдан жай жатпайды. Қаражат жұмыс істейді - банкке пайда әкеледі. Оның ішінде жаңа несиелер беру арқылы. Банк мөлшерлемелердегі айырмашылық есебінен табыс табады. Несиелер салымдарға алынғаннан жоғары пайызбен беріледі. Бұл бүкіл әлемде қабылданған қалыпты теңестіру. Өйткені, банктер - коммерциялық ұйымдар. Оларға кеңселерді ұстауға, қызметкерлерге еңбекақы төлеуге, дивидендтер төлеуге, жүйенің жұмыс істеп тұруына және т.б. үшін ақша қажет.
Елестетіп көріңізші, банктер қарыз алушылардан ақша алуды тоқтатты. Бұл бір кездері берілген ақшаның ағыны тоқтады деген сөз. Банк біраз уақыт резервтегі қаржының және жаңа салымшылардың ақша ағынының арқасында әрекет етеді, бірақ қаражат таусылып, несие ұйымы ағымдағы шоттардан салымдар мен ақшаны бере алмайтын уақыт келеді. Иә, адамдардың қарыздары кешіріледі. Бірақ басқа адамдар салымдарынан айырылады.
Әрине, мемлекет банктерге шығынды жабуға көмектесіп, ақша бере алады. Бірақ есепшот триллиондармен есептеледі. Бұл бюджеттен бөлінген қыруар қаржы. Үкімет шығынға ұшырамау үшін ақшаны үнемдеуге мәжбүр болады: жолдарды, мектептерді, ауруханаларды салуға және жөндеуге ақшаны азырақ беруге, әлеуметтік қамсыздандыруды қысқартуға, бизнесті қолдаудан айыруға тура келеді. Соңғысы бағаның өсуіне, жалақының қысқаруына және кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына себепкер болады.
Экономикада бәрі бір-бірімен байланысты, сондықтан салдарларды қарастырмай шешім қабылдауға болмайды. Иә, халық қарыздан құтылғанына біраз уақыт қуанатын болады, бірақ болашақта адамдарды жақсылық күтіп тұрған жоқ.
Несие жүктемесінің мәселелері қарызды жаппай жою арқылы емес, халықтың әл-ауқатының өсуі мен қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы шешіледі.
Экономика мен халық сау болса, несиелер зиян келтірмейді, тек өсуді ынталандырады.