Жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен жалақының, жәрдемақының және зейнетақының мөлшерін айқындайтын ең төменгі есептік көрсеткіштер белгіленеді. Kapital.kz басылымы 2013-2022 жылдар аралығында көрсеткіштердің қалай өзгергенін талдады.
Айлық есептік көрсеткіш
Ол әлеуметтік төлемдерді, айыппұлдарды, салықтарды және бюджетке төленетін басқа төлемдерді белгілеу үшін қолданылады.
АЕК 1995 жылы енгізілді. Ол кезде оның мөлшері 320 теңгені құрады. АЕК бастапқыда тоқсан сайын белгіленді. Алайда, 2000 жылдан бастап бұл көрсеткіш жыл сайын есептеледі.
2013 жылдан 2022 жылға дейін АЕК 84%-ға өсті, ал орташа жылдық өсім 6,6%-ды құрады. Ең үлкен өсім 2020 жылы тіркелді, ол кезде АЕК бірден 10%-ға, яғни 2 525 теңгеден 2 778 теңгеге дейін өсті.
2022 жылы АЕК 3 180 теңгені құрайды, бірақ салықтарды, айыппұлдарды және бюджетке төленетін басқа да төлемдерді есептеу үшін – 3 063 теңге.
2023 жылға ҚР «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңының жобасына сәйкес республикадағы АЕК 3 450 теңгені құрайды. Бірақ бюджет жобасы Парламентпен әлі келісілген жоқ.
Ең төменгі жалақы мөлшері
Бұл қалыпты жағдайдағы және қалыпты жұмыс уақытындағы жалақының кепілдендірілген деңгейі.
Көрсеткіш алғаш рет заңнамада 1991 жылы пайда болды. Ең төменгі жалақы 1994 жылдың 1 ақпанынан бастап есептеле бастады. Ол кезде ең төменгі жалақы айына 40 теңге болатын. Бастапқыда бұл көрсеткіш тоқсан сайын өзгеріп отырды, бірақ 2000 жылдан бастап жылына бір рет белгіленеді.
2013-2022 жылдар аралығында көрсеткіш 2,3 есе өсті, ал орташа жылдық өсім 14,2%-ды құрады.
Ең төменгі жалақының ең күрт өсуі 2019 жылы тіркелді, ол кезде ең төменгі жалақы бірден 50%-ға жуық өсті.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ең төменгі жалақы 70 000 теңгеге дейін арттырылатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл шара 1,6 млн-ға жуық қызметкердің табысының артуына алып келеді.
Қазір халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, Қазақстанда ЕТЖ-ны жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік беретін әдістеме әзірленуде.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі
Бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай кіріс. Көрсеткіш тұтынушы себетінің құны бойынша есептеледі, оған азық-түліктің минималды жиынтығы кіреді.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі алғаш рет 2005 жылы енгізіліп, 7 945 теңгені құрады.
2013 жылдан 2022 жылға дейін ең төменгі күнкөріс деңгейі шамамен 2 есе өсті, ал орташа жылдық өсім 7,6%-ды құрады.
2018 жылы ЕТКД ең үлкен ұлғаюы болды, ол кезде көрсеткіш 16%-ға, яғни 24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін ұлғайды.
2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 37 389 теңгені құрайды. 2023 жылға «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 567 теңге шамасында болуын болжайды. Бірақ заң жобасы әлі қаралуда.
Базалық зейнетақы
Көрсеткіш 2005 жылы енгізілген. Ол зейнеткерлік жасқа жеткен барлық қазақстандықтарға тиесілі.
2018 жылдан бастап базалық зейнетақы барлығына бірдей болуды тоқтатты және еңбек өтіліне байланысты жеке есептеледі.
2022 жылы базалық зейнетақы, егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды.
Қазақстан Президенті халыққа жолдауында базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін жеткізу керектігін айтты.
2013 жылдан 2022 жылға дейін базалық зейнетақы 2,2 есе өсті, ал орташа жылдық өсім 8,4%-ды құрады. Ең үлкен өсім 2018 жылы болды, ол кезде бұл көрсеткіш 19%-ға өсті.
Дереккөз:
https://kapital.kz/